Казахские стихи для детей

Қуыр, қуыр, қуырмаш
Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Мен айтайын қолыңды аш!

Мынау тұрған бас бармақ,
Жұмыс содан басталмақ.

Алақанның тұңғышы
Болсын осы жылқышы.

Балаң үйрек жанында,
Бейім сиыр бағуға.

Отран терек - ұзыны,
Түйе бақсын, қызығып!

Шылдыр шүмек - бұл саусақ,
Қой бағуды тұр аңсап.

Титтей бөбек-шынашақ,
Сен дайында жер ошақ.

Білекке енді барайық,
Онда не бар табайық:

Мына жерде күн болар,
Мына жерде түн болар.

Мына жерден ай шығар,
Мына жерден май шығар.

Бәрін айтып болдық па?
Келіп қалдық қолтыққа!

Қытық, қытық, қызық-ай,
Міне, өрік, міне, май!

Қуыр, қуыр, қуырмаш,
Бидай салам, қолыңды аш.

Төгіп алмай, күлем деп,
Балапанға барып шаш!

Айналайын Баладан (Екі баланың айтуына арналған)
- Айналайын баладан,
Тауып алған даладан.

- Далада бала жата ма?
- Түсіп қапты шанадан.

-.......біздің қайда екен?
- Қыздарменен тойда екен.

- Тойда неғып жүр екен?
- Алма теріп жүр екен.

- Алмасынан кәнекей?
- Жаңа теріп жүр екен.

- Жаңасынан кәнекей?
- Қабы толмай жүр екен.

Балалар - біздің болашақ
Қасым Аманжолов
Балалар - біздің болашақ,
Сүйсінеміз, сүйеміз.
Бұл болашак тамаша-ақ!
Болашаққа иеміз.
Көтеріп жас сәбиді,
«Күлші, бөпе, күл!» - дейміз.
Көңіл дария шалқиды,
Балалармен гүлдейміз.
Алға кетіп барамыз
Болашақты құшақтап.
Жыламайды баламыз
Көзден жасы бұршақтап.
Жыламайды баламыз,
Жылатпаймыз еш уақыт.
Бәрі бізде, қараңыз:
Өмір, өлең, күш, бақыт!
Алтын оты үміттің,
Көзіміздің қарасы;
Балапаны бүркіттің
Біздің елдің баласы...
Түстік Корей көгінде
Жүр айналып қара құс.
Құмартады ол өлімге,
Қызу майдан қан соғыс.
Өлген ана жанында
Еңбектейді жас бала.
Шашақ атқан шағында
Бұл не деген масқара?!
Сұмдар қаңғып даланы,
Өлім екпек болады.
Дүниеде барлық баланы
Жетім етпек болады.
- Тарт колыңды баладан!
Өңшең жауыз сүмырай!.. -
Деп түр бүгін әр адам,
Көкірегіне кек сыймай.
Жыламайды баламыз,
Жылатпаймыз еш уақыт!
Бәрі бізде, қараңыз:
Өмір, өлең, күш, бақыт!..
Отан
Мұқағали Мақатаев
Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға - сол қайғы!
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз -
Нағыз сорлы панасыз?
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан - мекенің!