Касым Аманжолов, стихи на казахском языке. Қасым Аманжолов - өлеңдері.

Атамекен
Қасым Аманжолов
Сүйем сені туған ел - атамекен,
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.
Іздеймін деп «Жерұйық», желдей желген
Асанқайғы емеспін, Қасыммын мен.
Қорқыт та емен елсізде, көр басында
Қобызымен сырласып күңіренген.
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін,
«Еркелеме, ей, жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін - осы сертім.
1940
Алматы ауасындай мінезің бар...
Қасым Аманжолов
Алматы ауасындай мінезің бар,
Жауасың бір кез жаңбыр, бір кезде қар.
Балқытып аласың да ыстығыңмен,
Артынан тоңдырасың төгіп ызғар.
Соққан соң екі жақтап ыстық-суық,
Барады ақырындап бойым суып.
Айнымай тамылжитын жазым қайда,
Япырай, күз бенен қыс қалды-ау жуық!
1953
Жаз көңіл
Қасым Аманжолов
Жаз көңіл жарқылдаған бұл бір шағым,
Жаныма дарытпаймын дүние шаңын.
Әніммен қарсы аламын әрбір күнді,
Жайғандай ерке нәзік жар құшағын.
Жаз көңіл жігіт болдық той бастаған,
Құрбыға зейіні бар ой тастаған.
Жас өмір жайлауында шіркін көңіл
Бәйгіден күнде келіп ойқастаған.
Желпимін жанымды бір осындайда,
Үңілер жүрегіме досым қайда?
Кездесіп көңілімнің күнгейінде,
Әніме асыл құрбым қосылмай ма?!
1948
Көктем
Қасым Аманжолов
Сансыз көкек сұңқылдап,
Көктем келді ертелеп,
Нәзік үнмен сыңқылдап,
Бұйра бұлақ еркелеп.
Асау өзен арқырап,
Асқар таудан дүркіреп,
Айдын жатыр жарқырап,
Алды дала бір түлеп.
Көкте бұлттар күркіреп,
Жерге төкті өрмегін.
Жауды жаңбыр сіркіреп,
Мейірленіп жерге күн.
Естіп аспан дауысын,
Асыққандай гүл шығып,
Андып бұлттар аңысын,
Колхозды ауыл құлшынып.
Алақанын тұр жайып
Жас ағашта жапырақ,
Балғын өмір ғажайып
Жас дауыспен жамырап.
Еңбек ата жүр елде
Егінжайда ту ұстап,
Қара бұйра кілемге
Алтын шашып уыстап.
Темір тепшіп ер терлеп,
Трактор сүйреп даланы,
Бүгінгіден ертеңге
Алып кетіп барады...
Көктем күйін бастады
Өз өнерін асыра.
Қысты қуып тастады
Асқар таудың басына.
1948
Алматы
Қасым Аманжолов
Жақсы екен ғой Алматым,
Алтын үйек астанам.
Осы екен ғой жаннатың
Атам қазақ аңсаған.
Келдім сені сағынып,
Алтын ұям - Алматым.
Кең көшеңде басар нық
Мен бір ақын солдатың.
От пен темір сайысқан
Келдім майдан төрінен.
Жер құшам деп көр құшқан
Жауды жеңіп келдім мен.
Сағынышын солдаттың
Сен сұрама, мен айтпан.
Кетті шығып бір ұшқын
Кеудемдегі шыңайттан.
Күлкі-жасы аралас,
Ақын да бір жас бала.
Тербет өзің, мауқын бас,
Алтын бесік - астана.
Жүрмін жортып қызықтап,
Көше қоймай баспаған.
Сыбырлайды жапырақ,
Жалт қарайды тас маған.
Өкпе, назға - манафест,
Жатыр құшып достарым.
Сары алтын күн, думан кеш,
Қанар емес құмарым.
Ән мен күйді сапырған
Сал домбыра- сал ожау;
Сабырлы оймен отырған
Бір қария Алатау.
Неткен сұлу өмір ең!
Қарай берем үңіліп.
Ғажайып бір мейірмен
Келешегің тұр күліп.
Жақсы екен ғой Алматым
Алтын тулы астанам.
Осы екен ғой жаннатың
Атам қазақ аңсаған.
1945
Аспанымды бұлт торлап
Қасым Аманжолов
Аспанымды бұлт торлап,
Құрыстырды денемді.
Көзімнен жас домалап,
Төктім сонда өлеңді.
Жырымды да жасымды
Бір сығып мен тастадым.
Жайнап қайта ашылды
Ойым менің - аспаным.
1944
Дауыл
Қасым Аманжолов
Ышқына соққан дауылға
Құмартушы ем жасымда.
Нөсерлеп құйған жауында
Қызығушы ем жасынға.
Жүгіруші ем жарысып
Сарыарқаның желімен.
Ойнаушы еді алысып
Соққан дауыл менімен...
«Дауыл! Дауыл!» дегенге,
Шықтық үйден дүркіреп.
Аспан тұрды төбемде
Аласұрып, күркіреп.
Дүние сол кез дүрілдеп,
Келе жатты бір дауыл.
Түндіктері желпілдеп,
Күтіп тұрды жарлы ауыл.
Шыр айналды шаңырақ,
Сықырлады сырғауыл.
Бұрқырады бар аймақ,
Соқты ышқына көк дауыл.
Көшті дауыл керуені,
Ілестім де мен кеттім.
Көк дауылдай кеуделі
Жігіт болдым, ер жеттім.
Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз.
Қарсы алуға дайынмын,
Соқса да дауыл дамылсыз.
1940
Сенің алма бағыңа...
Қасым Аманжолов
Сенің алма бағыңа
Шыбық шаншып кетіп ем.
Алдағы өмір бағына
Соны белгі етіп ем.
Келдім қайтып майданнан,
Таптым іздеп сені алғаш.
Сол шыбықтан жайқалған
Өсіпті бір алма ағаш.
Тұр жайқалып бағыңда,
Қызығамын, тамсанам.
Өзің де бұл шағыңда
Кем емессің дәл сонан.
Неткен жақсы жер еді
Жас шыбығым жайқалған!
Бір сөз айтқым келеді,
Тіл жетпейді, айта алман.
1945