Стихи про родину на казахском языке. Отан - өлеңдері.

Отан
Мұқағали Мақатаев
Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға - сол қайғы!
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз -
Нағыз сорлы панасыз?
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан - мекенің!
Отан туралы
Мұқағали Мақатаев
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен.
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
Отанды сүймеуің де күйік екен,
Отанды сүйгенің де күйік екен...
Алматы
Қасым Аманжолов
Жақсы екен ғой Алматым,
Алтын үйек астанам.
Осы екен ғой жаннатың
Атам қазақ аңсаған.
Келдім сені сағынып,
Алтын ұям - Алматым.
Кең көшеңде басар нық
Мен бір ақын солдатың.
От пен темір сайысқан
Келдім майдан төрінен.
Жер құшам деп көр құшқан
Жауды жеңіп келдім мен.
Сағынышын солдаттың
Сен сұрама, мен айтпан.
Кетті шығып бір ұшқын
Кеудемдегі шыңайттан.
Күлкі-жасы аралас,
Ақын да бір жас бала.
Тербет өзің, мауқын бас,
Алтын бесік - астана.
Жүрмін жортып қызықтап,
Көше қоймай баспаған.
Сыбырлайды жапырақ,
Жалт қарайды тас маған.
Өкпе, назға - манафест,
Жатыр құшып достарым.
Сары алтын күн, думан кеш,
Қанар емес құмарым.
Ән мен күйді сапырған
Сал домбыра- сал ожау;
Сабырлы оймен отырған
Бір қария Алатау.
Неткен сұлу өмір ең!
Қарай берем үңіліп.
Ғажайып бір мейірмен
Келешегің тұр күліп.
Жақсы екен ғой Алматым
Алтын тулы астанам.
Осы екен ғой жаннатың
Атам қазақ аңсаған.
Отан
Несіпбек Айтұлы
Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,
Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!
Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,
Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.
Туған жұртқа тірек болу ерге-сын,
Құлдықты енді құдай басқа бермесін.
Атаң өлсе, өзің ата боларсың,
Ешқашанда Отан өле көрмесін!
Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың,
Балаң өлсе, бір жығылып тұрарсың.
Отан өлсе, опырылып түскенің,
Күңіреніп көрге бірге құларсың.
Біздің Отан өліп, қайта тірілген,
Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.
Опат болған ерлер рухы оянар,
Отан деген лебіз шықса тілімнен.
Отанменен аспандағы Күн егіз,
Екеуінің амандығын тілеңіз.
Жас азамат, бұл Отанның қадірін,
Отансыз боп көрген біздер білеміз!
Керек қылса, жолында оның құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Бір кеудеге екі жүрек сыймайды,
Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!
Отан -ана
Айсұлу Рүстемова
Көздерімдей көлдерін мұң басқан.
Жапырағы желімен, даламен сырласқан.
Мүлгіп жатқан кеңістік, үнсіздік.
Туған ел. Не айтады түнгі аспан ?
Бейіт жақта байғыз бар, қамығып
Үн шықты. Кетті ме ол да жалығып?
Бекет бойы бағана. Жолсерік
Жолығады жылда алғаш. Сарылып
Сағынышым нуында, суында.
Сарытаудың ән қарсы алды құмында.
Бейіттері қазақтың. Қуат ала бастайсың
Құдірет бар туған жерде шынында...
Отырасың елді көріп, торығып,
Көңілің бе - баса алмайды солығын.
Үш күн жүрем даласымен қазақтың,
Ал, арманым - қоңыр үнге жолығу!
Отанды сүю
Күләш Ахметова
Отан!
Басайын сенің барлық жолдарыңды,
Қосайын құстар салған хорға әнімді.
Бұлбұлдың әуезіне араласып,
Бұл әнім араласын орманыңды.
Қалдырмай байтақ елдің сай-қырларын,
Тарасын май айында майда ырғағым.
Шөптерің шөпілдесіп, бұл ырғаққа
Билесін бұлақтарың, айдындарың.
Қарасам, қазынаның табам түрін,
Күнбағыс - табақ-табақ сары алтының.
Әр тасың жай тас емес, гауһар маған,
Жақсы әтір - жалбызың мен қалампырың.
Жоқ дегем сүюімде демалыс түк,
Бағынар сағынышқа бар алыстық.
Сүйкімді құмың, шыңың, шыңырауың,
Бар бедер, бар дидарың маған ыстық!
Бар ма екен кәусарыңды қанып ішкен,
Айтамын іңкәрліктің әнін іштен.
Әрбір тал шөбіңді де, шөліңді де
Сүйемін сағынышпен, сағынышпен.
Өзіңнің келбетіңнен күнді көрем,
Мен үшін өзеніңнің сыңғыры - өлең.
Көкте емес, көкірегімде көшеді әсем
Бұлттарың үлбіреген, үлбіреген.
Үп еткен еркін самал лебің - өлең,
Өңімде, түсімде де сені көрем.
Гүлдерің, жұлдыздарың - жүрегімде,
Біргесің меніменен, меніменен!
Отаным
Ұлықбек Есдәулетов
У ашқандар мен босқандардың
панасысың, Отаным,
асқандар мен тасқандардың
табасысың, Отаным,
жанарымның ағы менен
қарасысың, Отаным,
Жазылмайтын жүрегімнің
жарасысың, Отаным.
Арал болып, Семей болып,
қансыраған, Отаным,
көздің жасы өгейленіп,
тамшылаған, Отаным,
малы азайып, жаны азайып
қаны азайып, Отаным,
біткен кезде кедейленіп
хал сұраған, Отаным.
Ақынынды өлгесін тек
аялайсың, Отаным,
әкіміңнен өңгесін көп
аямайсың, Отаным,
мешітке де, түрмеге де, зиратқа ұқсайтын
біздің ұрпақ салып бітпес
саяжайсың, Отаным!..
Отаным менің!
Сайын Назарбекұлы
Алтын күн шуағын Көк Байрақ шашатын,
Жатсынбай әлемге құшағын ашатын,
Қазақтың терінен нер алған даласы -
Тәуелсіз бейбіт ел!.. Мәңгіге жасасын!..
Отаным сеземін өзіңмен
Шаттық пен бақыттың не екенін!
Сақ етіп, түркі деп, қазақ қып
Жаратқан ұлдарын мекенім!
Азаттық бесігі бөбегін тербеген,
Шынайы сезімге шомылды ел деген!
Болашақ күтеді бақ қонған ұрпақты -
Біліммен өрлеген!.. Еңбекпен терлеген!..
Отаным сеземін өзіңмен
Шаттық пен бақыттың не екенін!
Сақ етіп, түркі деп, қазақ қып
Жаратқан ұлдарын мекенім!
Мақсатты бүгіні, ғажайып ертеңі,
Шындыққа айналды қаншама ертегі!
Бірлік деп қазаққа, достық деп бар елге -
Әлемге жар сала домбырам шертеді!..
Отаным сезінем өзіңмен
Шаттық пен бақыттың не екенін!
Сақ етіп, түркі деп, қазақ қып
Жаратқан ұлдарын мекенім!
Отан солдаты
Әбу Сәрсенбаев
Майдандасым, қос орденді Әлілхан Сапархановқа

Ата мекен, солдатыңмын
Сапта тұрған мен сенің!
Өткенің де, бүгінгің де
Тіпті, тіпті шалғай жатқан ертеңің,
Қымбат маған,
Қымбат және Отан, алтын, босағаң.
Бабалардың тері сіңген
Көкмайсаң да ертеңің де жер сенің!
Күзетшіңмін ат жалынан
Кейде тіпті кірпік қағым түспеген.
Төтеп бергем талай жыртқыш,
Талай жойқын күшке мен!
Бабалардың қаны түстес,
Сүйіп тудың алтын зерлі шашағын,
Тізе бүгіп, ант ішкенмін,
Абыроймен қорғауға.
Елімдегі азат таңның,
Арайлы аппақ шапағын!
Ант еттім де қорғадым мен,
Жасқанбадым жауыңнан.
Көргенім жоқ бой алдырып,
Бүгілмедім, мейлі батпан ауырдан.
Бақытыңа мызғымайтын,
Тас қамал боп қаландым.
Сақтап қалдым ең қатерлі,
Өртті, жойқын дауылдан!
Мен өзгеше майырылмас,
Шын болаттан соғылдым.
Долы күшін тойтаратын,
Қара ниет, қанішер жау оғының,
Гитлердің бес миллиондық
Ажал атты балғасын
Өр кеудеммен өршілене
Қарсы қағып омырдым!
Дұшпан енді қаша ұрысып,
Қайта ұмтыла қарысты.
Таяқталып тағы қашты,
Қанға бояп қалың күртік қар үстін.
Жауды өкшелеп,
Европаны да құлшылықтан құтқардым,
Әділет сүйгіш адамзатқа
Ортақ ізгі азаматтық, ар үшін!
Жаулар басым кезінде де,
Жүз ықтырып, саспадым
Ұлы жеңіс прологын
Волокалам тас жолынан бастадым.
Фашизмді айдап барып
Өз апаны - Берлинде
Қырық бестің табанымен
Қырарқадан біржола таптадым!