Абдильда Тажибаев, стихи на казахском языке. Әбділда Тәжібаев - Өлеңдер.

Алатау
Әбділда Тәжібаев
Ұқпаймын тілін теңіздің,
Таныған жоқпын тереңін.
Білмеймін сырын толқынның,
Білмеймін сырын кеменің!
Сүйемін туған тауымды,
Тәкаппар оның тұлғасын,
Бөгеген тентек дауылды,
Бүкпеген тізе мың ғасыр.
Киініп сауыт көк мұздан,
Жамылған қардан желеңін,
Ұшырып бүркіт шың, құздан,
Жаттатқан маған өлеңін.
Жатсам түнде дамылдап
Күзетімде ол тұр менің.
Тілегендей сыбырлап,
Тірлігімді бір менің.
Пердесін түннің ысырыіт,
Тұрғызады ол - таңды да,
Көтеріп күнді ұсынып,
Тартады менің алдыма!
1947
Алматы
Әбділда Тәжібаев
Бет 1 . Барлығы 2 бет
Алматымыз астанасы қазақтың,
Тұрамын мен сол қаланың өзінде.
Рим да емес ол, Париж да емес мақтаулы,
Ұқсасы жоқ бүкіл дүние жүзінде.
Қала емес ол - сіздер көрген, достарым
Суреті оның басқалардан өзгерек.
Жырлау үшін оның жерін, аспаның
Ескірмеген, естілмеген сөз керек.
Қай қалада осынша алып емендер
Қөшелерге жайып қанат шығады.
Қай қалада алтын бұйрат теректер
Жапырағымен көкті сүртіп тұрады
Әрбір гүлге бір бүлбүлдан сайраса,
Әр сұлуға жыр шертеді бір ақын.

Бет 2 . Барлығы 2 бет
Әрбір көңіл жоғарыға қомданса,
Бұлттан да әрі тауымыз бар шығатын,
Желпіп өтсе жібек самал лебімен,
Ақ жаңбыр кеп астанамды шаяды.
Тартып шеңбер бояулары көгімнен
Қемпірқосақ кең құшағын жаяды.
Сүюшілер күн мен гүлді жанындай
Алматыма - астанама келіңдер.
Достарыма казақ дастарқанындай
Ақ пейілдер жайылғанын көріңдер!

1957
Алыстан хат
Әбділда Тәжібаев
Сезсең кейде соққан жылы
Жаздың жанға жайлы лебін,
Жат көрме, ол аңсап сені
Ақырын менің алған демім.
Сыбырласса көк жапырақтар.
Тілдескендей қоңыр желмен -
Тыңда да сен, сыр алып қал
Сыбырлаушы онда да мен.
Терезеңнің әйнегінен
Ай қараса айдын көктен,
Мен де қарап тұрмын бірге
Ойлан, гүлім, ұйықтап кетпе.
1943
Асам деп Алатауымнан...
Әбділда Тәжібаев
Асам деп Алатауымнан
Қап-қара бұлттар келеді.
Демінен соғып қар, боран
Қанатын жая төнеді.
Күркірейді көк долы
Жалтылдатып семсерін.
Тосып тұр оның тау жолын
Кеудесін кернеп ер сенім.
1947
Бір драматург туралы
Әбділда Тәжібаев
Ұзақ түнде көп күшенді ісініп,
Пьеса шіркін шыға қоймай, қысылып.
Жамап-жасқап қырық шоқпытты ақыры
Көріп еді театрға ұсынып,
Жаман астай жаздыкүнгі жақпаған
Жақсы артистер ауырыпты ұшынып.
Балапандар жыры
Әбділда Тәжібаев
Қақтық қанат балапандай
Жасыл дала көк торғында.
Қызыл шешек дамыл алмай
Қол бұлғайды кел деп мұнда,
Қақтық қанат балапандай
Гүлден гүлге, нұрдан нұрға.
Әнші бұлбұл дамыл алмай
Дейді бізге жырла, жырла.
Қақтық қанат балапандай
Айдын келге, ағын суға,
Айдай аққу дамыл алмай
Шақырады үн қосуға.
Қақтық қанат балапандай
Бақытты Отан құшағында.
Бізден ерлік көзін алмай
Шақырады кел деп мұнда.
1940
Бес түлік жыры Бөрте лақ
Әбділда Тәжібаев
Шөре-шөре, лағым,
Тентек болма, шырағым.
Секектеме демінді ал
Селтеңдемей кұлағың.
Марқа туған бөрте лақ
Әңгімеме сал құлқк.
Ойнай көрме тым ұзап:
Боп жүрмесін бөрі тап.
Секіре ме, нетеді,
Тау текеден өтеді,
Сына ма деп тұяғың -
Сенен зәрем кетеді.
Шоли берме жан-жақты,
Болшы, бөртем, салмақты,
Жөнемексің, шұбыртып
Бар қозыны, бар лақты.
Шұнаңдама, қағынба,
Тарта берме қалыңға.
Жібермеймін тым ұзақ,
Жайылыңдар маңымда.
Бар еді бір жылқышы...
Әбділда Тәжібаев
Бар еді бір жылқышы
Танысып ем жайлауда.
Қағушы еді домбыра
Қыз ұзатқан тойларда.
Ағып тұрған әнші еді
Арнап туған сайрауға.
Тоймаушы еді талғанша
Түнде ақсүйек ойнауға.
Қайда екен сол жылқышы?
Әсем еді-ау күлкісі.
Жылқышы бір, жел де бір
Жел қайда деп кім сұрар?
Жүйрікті таңдап мінгеннің
Өзінде ғой ықтияр.
Я бір биік жартаста
Ортекедей тұр шығар,
Я бір жасыл жазықта
Желідей есіп жүр шығар.
Қайда екен сол жылқышы?
Әсем еді-ау күлкісі.
1957
Балаларға
Әбділда Тәжібаев
Жатыр жолын жалғасып ұзақтарға,
Кейде құлап кетеді құзаттарға.
Жалтаң-жалтаң артыңа көз тастайсың.
Бас ілгері, сескенбе, адаспайсың.
Жалтаңдама, шырағым, бойыңды жи,
Күтер сені орында үйренген үй.
Сақал шықпай оралма сағынсаң да,
Мұз төсеніп, суық қар жамылсаң да.
Қиыннан тап ұясын бақытыңның,
Қадірлей біл минутын уақытыңның.
Жарыңды да іздей біл сол ұзақтан,
Әділ серік болмас-ты оңай тапқан.
1955
Ақын
Әбділда Тәжібаев
Кеудесі шын акынның күй сарайы,
Алады төгіп-төгіп келсе орайы.
Жаңбырдай нажағайлы нөсерлеткен
Жерінде гүл шайқалар құйып өткен,
Жас дүние алдында үміт, жас ұрпағы,
Жарқылдар жаздай жасыл болашағы,
Бүгіннен ертеңіне қадап көзін
Арнайды аңсап ақын соған сөзін.
Мінезі әулиедей ел айтатын,
Құлқынға құл болуды білмейді ақын,
Жаны әзір сүйгені үшін құрбандыққа,
Бүкпесіз жүрек сырын айтар жұртқа.
Қүласа сеніммен бір кұлайды,
Аяныш сонда ешкімнен сұрамайды.
Қамыспас қас болаттай кектенгенде,
Қарғысы атқан оқтай жек көргенге.
Көрсең де осы ақынның қай мінезін
Оқушы, түсін өзің, кешір өзің.
1959
Ауылдағы азан
Әбділда Тәжібаев
Естуші едім ауылда
Молдамыздың азанын.
Азан үні шыққанда,
Кетіріп жол тозаңын -
Намазға жұрт баратын,
Мешіт лық-лық толатын,
Барлық мойын иіліп,
Барлық қабақ түйіліп,
Тірлік қамын ұмытып,
Бір аллаға сыйнып -
Құблаға жұрт құлайтын,
Иман, ұжмақ сұрайтын.
Алтын ай
Әбділда Тәжібаев
Терезеден тесіліп,
Қарасам сұлу далаға.
Айды көрем қалғыған
Ұсаған жас балаға.
Жастанғаны жұмсақ бұлт,
Жұмсартыпты жамбасын.
Жатыр жалқау бүркеніп,
Сүйіп ұйқы жолдасын.
Аш көзіңді, алтын ай,
Көміле берме ұйқыға!
Оятамын, қоймаймын,
Жатқызбаймын ұйқыда.
Бөлене бермей бесікке
Аш көзіңді, алтын ай!
Өлеңнен өрнек кестелеп,
Отырмын мен де ұйықтамай.
Ұйықтама, тыңда, алтын ай,
Айтайын қызық сырларды.
Сырласып сұлу далада
Күзетейік қырманды.
Аш көзіңді, алтын ай,
Көміле берме ұйқыға,
Оятамын, қоймаймын,
Жатқызбаймын ұйқыда.
1934