Мукагали Макатаев, стихи на казахском языке. Мұқағали Мақатаев - Өлеңдер.

Мен сені сағынғанда...
Мұқағали Мақатаев
Мен сені сағынғанда,
Қарамай жауындарға, дауылдарга,
Қарсы қарап жүземін ағындарға,
Кеудемде қимылдаған жаным барда,
Мен сені сағынғанда,
Бір минут та қақым жоқ дамылдарға.
Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық,
Ана-қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың.
Тәкаппар ең, өрлікке бола туған,
Жет тездеп,
Дауыл тұрғыз қанатыңнан.
Сен - мендік, мен - сендікпін, ана-қыран,
Қыранбыз, қырандардан жаратылған!
Сағыныштың сағымын жамылғанда,
Қарамай қара нөсер қағынғанға,
Саған ұшам,
Қалмайды сабыр жанда,
Мен сені сағынғанда, сағынғанда...
Адасқан шағала
Мұқағали Мақатаев
Жаным-ау, қайдан жүрсің, ақ шағала,
Келсең кел, бұл өлкені жат-санама.
От-суы мол осынау байтақ алқап,
Сая болған батырға, патшаға да.
Қылша мойын жаным-ау,қылыш қанат.
Қимай мені келдің бе туыс санап?
Ақ ниетпен келдің ғой қалайдағы,
Шашсам ба екен күн нұрын уыстап ап.
Айдыным жоқ төсіңмен шимайлаған,
Аялайды, әлдилеп мидай далам.
Толқынға қонақтаған ерке-тотай,
Толқынсыз қара суға қимай барам.
Кім екен саған еткен зорлық, қысым,
Адасқан Атыраудан зарлықпысың?
Көлшігім, бұлақтарым - бәрі саған.
Адасқан Отанынан зарлық құсым.
Қонбасыңды білемін қыр басыңа,
Толқының жоқ жаныңмен сырласуға.
Бөрі де табылар-ау бүл өмірден,
Тек Отаның жетпес-ті бір басыңа...
Көктем де келер
Мұқағали Мақатаев
Көп кешікпей көктем де келер енді,
Көгеретін тіршілік көгереді.
Қу бұтағы арса-арса кәрі еменге,
Келер көктем, білмеймін, не береді?
Көп кешікпей көктем де келер енді,
Көгереді ауылдың төңірегі.
Ерте кеткен досымның қабірі тұр,
Келер көктем, білмеймін, не береді?
Көп кешікпей көктем де келер енді,
Барлық нұрын көл-көсір төгер енді.
Сағынышын сарыққан, жапа-жалғыз,
Менің жесір жеңгеме не береді?
Көгереді...
Барлығы көгереді:
Ой да, қыр да, даланың төбелері.
Әлі құрып баратқан ауру досқа,
Осы көктем, білмеймін, не береді?
Көп кешікпей көктем де келіп қалар,
Есінетіп, есіртіп, ерікті алар.
Азан-қазан аспанның қоңырауы,
Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар...
Алматының аспаны
Мұқағали Мақатаев
Тал түсте,
Бозғыл деңгейде,
Шуағын жерге төккен Күн.
Жылымық қыста кей-кейде,
Иісі келер көктемнің.
Ұмыттырар ақпанды,
Боз аспан, онан боз дала.
Осынау ғажап шақтарды,
Қозғама, тәңір, қозғама!
Оралады өткен күз,
Қыс келеді.
Төсі қар.
Ұзатылған көктем-қыз
Қайта оралса, несі бар?!
Ішке сыйған баламыз,
Сыртымызға сыяды.
Кең ғой біздің даламыз!
Зиялы да ұялы.
Қайдан келсін бірақ та,
Мезгіл жетпей қыз-көктем.
Қарашы анау қыратқа,
Арқасына мұз шөккен.
Алматының аспаны,
Бізді әзірге тұр алдап.
Қайың, терек бастары,
Барады әне, қыраулап...
Ақынға
Мұқағали Мақатаев
Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз.
Екінің бірі бармайтын жерге барып біз,
Жанбайтын жерде жаныппыз.
Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Білгендер білсін,
Білместер, мейлі білмесін.
Қолдасын мейлі,қорласын мейлі,күндесін.
Қара тастан да мейірім күткен ақынды.
Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесін
Антейміз біздер,
Жеріміз біздің - халық-ты.
Хальіқсыз біздің Антейлігіміз қауіпті.
...Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде,
Берендері үшін қорғасын құйған қалыпты.
Біздің көктем
Мұқағали Мақатаев
Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт,
Таң-тамаша дүние, дабырлап жұрт.
Көктем келді. Өмірдің келешегі -
Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.
Сағым қыздың ап қашып орамалын,
Асыр caп тентек жігіт - жел еседі.
Көктем келіп ауылға қыз көрікті,
Таң-тамаша дүние жүзге еніпті.
Асқар ала таулардан асып әрі,
Аяз атаң барады мұз бөрікті.
Көктем, көктем! Қыз - көктем ауылдағы
Өлең-жыр, әзіл-күлкі ауыл маңы.
Тиянақ таппай ұшқан көк көбелек,
Көк гүлге қонды-дағы дамылдады...
Беташар
Мұқағали Мақатаев
Боз ала ауыл жастары,
Бозбала күнін тастады.
Боз жаулық жауып қыздарға,
Шаңырақ құра бастады.
Жиылып жекжат ой-қырдан,
Ауылда күнде той-думан.
Жалғыз ұлы әкенің
Жалғыз атын да сойдырған.
Үйленді біздің, ағай да.
Үйленбе деуге қарай ма.
Бәсіре жалғыз көк тайын,
Сойғызып жатыр сарайда,
Той жасап бермек қалайда.
Ағайдың тойы жасалды.
Арманым еді қашанғы.
Қуанған көңлі босанды,
Әжем де көзге жас алды
Келіннің бетін ашқан-ды.
Иіліп байғүс жасқанды.
Жасқанды-дағы... жас қалды...
Ертесі соғыс басталды,
Алды да кетті жастарды.
Жалғыз көкек
Мұқағали Мақатаев
Жетімсіреп, жем іздеп балапанға,
Жалғыз көкек жүретін жаға талда.
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.
Иесіз қалған, бұзылған тамға барып,
Қонушы еді, қонағын қамдап алып.
Жоқтаушы еді оңаша отырып ап,
Оқшау шетте ұясы, талда қалып.
Сұңқыл үнді сұрша құс, жан - Отанын
Ойландырып тастайтын жаға талын.
Оңашада отырып жоқтаймын деп,
Оятатын ұядан балапанын.
Сұқ саусақтай балапан ес білер ме,
Сұрша құстың сұм даусы есті желде.
Ұясында құттай құс қобалжиды,
Таныс үнді шалғайдан естігенде.
Қайдан білсін, әкесі жем бергенін,
Жем бергенін... Қаршыға өңгергенін...
Қайдан білсін, шешесі шер бергенін?..
Түйір дәндей жүрегі тулап жатыр,
Ұядағы титімдей шерменденің.
Жетімсіреп жем іздеп балапанға,
Жалғыз көкек жүретін жаға талда.
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда,
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда.