Зима. Стихи на казахском языке про зиму казахских поэтов.

Қыс
Абай Құнанбайұлы
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай теріс айналды.
Қар тепкенге қажымыс қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше Қондыбай, Қанай жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
Қыс келген күні
Мұқағали Мақатаев
Тысқа шықсам,
Күн шыңылтыр, ңар жауған.
Ызғар, аяз атырылып бар маңнан,
Асып анау асқар-асқар таулардай,
Қыс жетіпті тонын теріс аударған.
Қыс жетіпті,
Сол баяғы кезіндей,
Қуырып жүр дүниені көз ілмей,
Күн нұрынан еш жылылық сезілмей,
Әйнектенген маскүнемнің көзіндей.
Шуылдаған шау қарғадай жар салып,
Сәбилер жүр кәрі атасын қарсы алып.
Махаббаттан ұмыт қалған ұстаз қыз,
Терезеге қарап отыр тамсанып.
Терезеге қарайды да, тамсанып,
Мұңая ма, қуана ма ән салып?!
Жібір емес терезеге қатқан мұз,
Жылуымен жылытса да қаншалық.
Аттанасың аяқтамай арманды,
(Рас екен жалған десе, жалғанды!)
...Қыз жанарын оқулыңқа аударды,
Шешпек болып көп белгісіз сандарды...
Қыс пен жаз
Әбділда Тәжібаев
Балқытып гүлді деміне
Сүйді жаз әбден беріле;
Әкетпек еді ұзатып
Өзінің жылы жеріне...
Қызғаншақ қыс келді де
Сілтеді суық қанжарын.
Жас жігіт қыршын өлді де
Қалдырып кетті жан жарын.
Құтырган шал құмартты,
Қызыға сүйді жас гүлді.
Бойына нәзік мұз қатты,
Үгілді гүл, төгілді.
1955
Қырық күн болды қыс кіргелі
Есенғали Раушанов
Қырық күн болды қыс кіргелі,
Ауыр нәубет жетті елге.
Кетіп қалды құстың көбі
Басқа мемлекеттерге.
Ода оқиды қарға таңнан
Мәртебелі кысты ән ғып:
«Мен хан едім арғы атамнан,
Құл еді, - деп, - құс барлық».
Айтсын қарға, десін құзғын,
Сайран етіп кең ішін.
Ерте кеткен есіл күздің
Қырқы бүгін мен үшін.
Қырдағы қыс
Фариза Оңғарсынова
Түнімен долы дауыл құрыстаған
секілді арыстандай жыны ұстаған.
Жамылып ақ көрпесін енді ғана
маужырап байтақ дала тыныстаған.
Қалыпты қарауылда жыңғыл, құрақ,
іліп ап ақ мамықтан бір-бір тұмақ.
Мәз болып жас баладай, айналаға
қарайды әр бұтадан күн жылтырап.
1956
Қыс ата
Әбділда Тәжібаев
Бет 1 . Барлығы 2 бет
Ойының, балам, омбы қар
Демейсің қолым домбығар.
Ақ мамықты ақтара
Қалайсың тынбай ақ қала.
Отырып таудың құзында,
Құлағын тосып ызыңға.
Қыс сақалын тарайды,
Қызыға саған қарайды.
Қарайды да күледі,
Үлпілдек қарды үреді.
Қояды бір дем ысқырып,
Қаласың сонда түшкіріп.

Бет 2 . Барлығы 2 бет
Көрдің бе қарттың мінезін,
Ермегі қазір бір өзің,
Ойынға қандай көңілді,
Серігің болды сенімді.
Үйіріп аппақ құйынын,
Секіртіп ұшқыр тиынын.
Кейде еменді сілкеді,
Төбеңнен қырау бүркеді.
Тебемін десең сырғанақ,
Үскіріп қалып бір қабат,
Жаяды жалтыр көк мұзын,
Сырғанайсың күн ұзын.
Қолыңнан ұстап қыс ата,
Күн бата үйге ұзата
Бетіңнен сүйіп қалады,
Күрсініп дем алады.
Қыс ата неткен пейілді,
Күнімен соқты-ау ойынды.
Алғасын біраз тынысын,
Бастайды түнгі жұмысын.